ХАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҒЫ ЖӘНЕ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІ ТУРАЛЫ
Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шiлдедегi № 360-VI ҚРЗ Кодексі
12-тарау. АДАМДАРДЫҢ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ
76-бап. Денсаулық сақтау саласындағы құқықтарды қамтамасыз ету кепілдігі
- Мемлекет Қазақстан Республикасының азаматтарына:
1) медициналық көмекке тең қол жеткізуге;
2) медициналық көмектің сапасына;
3) дәрілік қамтамасыз етудің сапасына;
4) дәрілік заттардың қолжетімділігіне, тиімділігі мен қауіпсіздігіне;
5) аурулардың профилактикасы, саламатты өмір салтын және дұрыс тамақтануды қалыптастыру бойынша іс-шаралар жүргізуге;
6) репродуктивтілікті таңдау еркіндігіне, репродуктивтік денсаулықты сақтауға және репродуктивтік құқықтарын сақтауға;
7) санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылыққа кепілдік береді.
- Қазақстан Республикасы Қазақстан Республикасының азаматтарына олардың қандай да бір аурулары мен жай-күйлерінің болуына орай кемсітушілік пен стигматизацияның кез келген нысандарынан қорғауға кепілдік береді.
77-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары
- Қазақстан Республикасы азаматтарының:
1) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға;
2) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілуге;
3) дәрігер мен медициналық ұйымды еркін таңдауға;
4) пациент стационар жағдайында емделуде болған жағдайда емдік тамақ алуға;
5) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінен тыс және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде өз қаражаты, ұйымдардың, ерікті медициналық сақтандыру жүйесінің қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де көздер есебінен қосымша медициналық көмекке;
6) ақылы негізде медициналық және өзге де көрсетілетін қызметтерді алуға;
7) көрсетілімдер болған кезде бюджет қаражаты есебінен уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде медициналық көмек алуға;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еңбекке уақытша жарамсыздық фактісін куәландыратын тиісті құжаттарды алуға және олардың берілуіне;
9) мемлекеттік органдардан, ұйымдардан және емдеуші дәрігерден олардың құзыреті шегінде аурудың профилактикасы, оны диагностикалау, емдеу және медициналық оңалту әдістері, клиникалық зерттеулер, мекендеу ортасының жай-күйін, еңбек, тұрмыс және демалыс жағдайларын қоса алғанда, денсаулыққа әсер ететін факторлар, дұрыс тамақтану мен тағамдық өнімдердің қауіпсіздігі туралы анық ақпаратты өтеусіз және тұрақты түрде алуға;
10) мемлекеттік органдардан, тәуелсіз сараптама ұйымдарынан және дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъектілерден өткізілетін дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың қауіпсіздігі, тиімділігі мен сапасы туралы ақпарат алуға;
11) медицина қызметкерінің құпиясын құрайтын мәліметтердің қорғалуына;
12) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өздеріне медициналық көмек көрсету кезінде денсаулығына келтірілген зиянды өтетуге;
13) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес денсаулық сақтау саласындағы өз құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуына;
14) медицина және фармацевтика қызметкерлерінің әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағымдануға;
15) мемлекеттік медициналық сараптама қорытындыларымен келіспеген жағдайда, тәуелсіз сарапшыларды тарту туралы жоғары тұрған органдарға өтінішхат беруге;
16) донор ретінде әрекет ету мүмкіндігі туралы ерікті түрде ерік білдіруге;
17) қайтыс болғаннан кейін осы Кодексте айқындалған тәртіппен трансплантаттау мақсатында өздерінен тіндерді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзаның бөлігін) алуға келісу не алудан бас тарту туралы ерік білдіруге;
18) емделуге және басқа да медициналық араласуларды, оның ішінде профилактикалық екпелерді жүргізуге хабардар етілген келісім беруге немесе олардан бас тартуға;
19) бірлесіп төлеуге;
20) жазылмайтын созылмалы ауруларды емдеу кезінде ауырсынуды басатын ем алуға;
21) денсаулық жағдайы туралы ақпаратты, оның ішінде медициналық зерттеп-қарау нәтижелері, диагнозы туралы және аурудың болжамы, медициналық көмек көрсету әдістері, олармен байланысты тәуекел, медициналық араласудың ықтимал түрлері, оның салдарлары мен медициналық көмек көрсету нәтижелері туралы мәліметтерді қолжетімді нысанда алуға;
22) аурулардың профилактикасы туралы ақпаратты қоса алғанда, денсаулықты сақтауға ықпал ететін немесе оларға жағымсыз әсер ететін факторлар, санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылық, қоршаған ортаның жай-күйі, орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің адам денсаулығы үшін ықтимал қауіптілігі, тамақтанудың ұтымды нормалары, өнімнің, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігі туралы анық және уақтылы ақпарат алуға құқығы бар;
23) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де құқықтары бар.
1-1. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың (мүгедектігі бар адамдардың) денсаулық сақтау ұйымдарында бірінші кезекте қызмет көрсетілуіне құқығы бар.
- Әйелдердің отбасын жоспарлау және өз денсаулығын сақтау мақсатында ана болу туралы мәселені шешуге және қаламаған жүктіліктің алдын алудың қазіргі заманғы әдістерін еркін таңдауға құқығы бар.
Азаматтардың ана болуды қорғау құқығы:
1) репродуктивтік жастағы әйелдерге медициналық қарап-тексерулерді жүргізумен, оларды динамикалық байқаумен және сауықтырумен;
2) әйелдердің репродуктивтік денсаулығына және науқас баланы күтіп-бағу бойынша стационарға түскен кезде баланың денсаулығына тікелей әсер ететін негізгі ауруларды медициналық көрсетілімдері бойынша емдеумен қамтамасыз етіледі.
78-бап. Балалардың құқықтары
- Осы Кодекстің 77-бабының 1-тармағындакөзделген құқықтардан бөлек, әрбір баланың:
1) денсаулық сақтау жүйесінің қазіргі заманғы және тиімді көрсетілетін қызметтері мен ауруларды емдеу және денсаулықты қалпына келтіру құралдарын пайдалануға;
2) денсаулықты сақтау саласында білім алуға;
3) профилактикалық медициналық қарап-тексерулерге және динамикалық байқауға, емделуге, дәрілік қамтамасыз етілуге, сауықтырылуға және вакцина алуға;
4) уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен сауықтыру және ұйымдастырылған демалыс кезеңінде медициналық көмек көрсетілуіне;
5) өзінің физиологиялық ерекшеліктеріне және денсаулық жағдайына сәйкес келетін және оған қолайсыз факторлардың әсерін болғызбайтын жағдайларда санитариялық-гигиеналық ағартуға, оқуға және еңбек етуге;
6) оқуға түсу және жұмысқа орналасу кезінде бекітілген жері бойынша денсаулық жағдайы туралы медициналық құжаттаманы тегін негізде алуға;
7) денсаулық жағдайы туралы ақпаратты өзіне қолжетімді нысанда алуға;
8) саламатты өмір салты мен дұрыс тамақтану туралы, темекі шегудің, психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынудың зияны туралы ақпаратты қолжетімді нысанда алуға;
9) репродуктивтік денсаулықты сақтау туралы ақпаратты қолжетімді нысанда алуға;
10) паллиативтік медициналық көмек алуға құқығы бар.
- Ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің келісімімен жүргізілетін хирургиялық араласуларды, жүктілікті жасанды үзуді қоспағанда, он алты жастағы және одан асқан кәмелетке толмағандардың профилактикалық, консультациялық-диагностикалық көмек көрсетілуіне хабардар етілген келісуге немесе одан бас тартуға құқығы бар.
- Стационар жағдайында бес жасқа дейінгі балаларды, сондай-ақ дәрігерлердің қорытындысы бойынша қосымша күтімге мұқтаж естияр жастағы науқас балаларды емдеу кезінде анасына (әкесіне) немесе баланы күтіп-бағуды тікелей жүзеге асыратын өзге адамға медициналық ұйымда онымен бірге болу мүмкіндігі беріледі және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еңбекке уақытша жарамсыздық туралы парақ немесе анықтама беріледі.
Бір жасқа дейінгі баласын емізетін ана медициналық ұйымда баланы күтіп-бағу үшін болған бүкіл кезеңде тегін тамақпен қамтамасыз етіледі.
- Бес жасқа дейінгі балаларды, сондай-ақ дәрігерлердің қорытындысы бойынша қосымша күтімге мұқтаж естияр жастағы науқас балаларды амбулаториялық және стационарды алмастыратын жағдайларда емдеу кезінде анасына (әкесіне) немесе баланы күтіп-бағуды тікелей жүзеге асыратын өзге адамға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еңбекке уақытша жарамсыздық туралы парақ немесе анықтама беріле отырып, онымен бірге болу мүмкіндігі беріледі.
- Мектеп жасындағы балалардың стационар жағдайында мамандандырылған медициналық көмек, медициналық оңалту, сондай-ақ паллиативтік медициналық көмек алу кезеңінде уәкілетті орган білім беру саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп айқындаған тәртіппен үздіксіз білім алуға құқығы бар.
Балаларға медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдары ойындар, демалыс және тәрбие жұмысын жүргізу үшін жағдайлар жасайды.
- Мүмкіндіктері шектеулі, АИТВ инфекциясын жұқтырған балалардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес білім беру, денсаулық сақтау ұйымдарында тегін медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау алуға құқығы бар.
АИТВ инфекциясын жұқтырған балалардың балалар үйлерінде және өзге де денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарында болуға құқығы бар.
АИТВ инфекциясын жұқтырған аналардан туған балалардың белгіленген тамақтану нормаларына сәйкес, бейімделген тегін сүт қоспаларын алуға құқығы бар.
6-1. Мүмкіндігі шектеулі балалардың (мүгедектігі бар балалардың) денсаулық сақтау ұйымдарында бірінші кезекте қызмет көрсетілуіне құқығы бар.
- Балаларды балалар үйіне және білім беру ұйымына, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымға орналастыруға медициналық қарсы көрсетілімдер тізбесін уәкілетті орган бекітеді.
- Жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және өмірлік қиын жағдайда жүрген балалар үш жасты қоса алғанда, осы жасқа толғанға дейін уәкілетті орган белгілеген тәртіппен мемлекеттік медициналық ұйымдарда бола алады.
80-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының міндеттері
Қазақстан Республикасының азаматтары:
1) өз денсаулығын сақтаудың қамын жасауға, жеке және қоғамдық денсаулықты сақтау мен нығайтуға ортақ жауаптылықта болуға;
2) "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналар төлеуге;
3) профилактикалық медициналық қарап-тексерулерден, скринингтік зерттеулерден өтуге;
4) медицина қызметкерлерінің жеке және қоғамдық денсаулыққа қатысты тағайындауларын орындауға;
5) өз денсаулығын басқару процесіне, оның ішінде созылмалы аурулар бар болған кезде оларды басқару бағдарламаларына қатысуға, ауру мен оны емдеу әдістері, ықтимал тәуекелдер мен асқынулар туралы ақпарат алуға мүдделі болуға;
6) медицина қызметкерлеріне өз организмінің жеке ерекшеліктері туралы хабарлауға;
7) өз денсаулығы мен айналасындағылардың денсаулығын сақтау бойынша сақтық шараларын сақтауға, денсаулық сақтау субъектілерінің талап етуі бойынша зерттеп-қараудан және емделуден өтуге, медициналық персоналды айналасындағыларға қауіп төндіретін инфекциялық және өзге де ауруларының өздерінде бар екендігі туралы хабардар етуге;
8) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасын сақтауға міндетті.
АИТВ инфекциясын қоспағанда, айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулармен ауыратын Қазақстан Республикасының азаматтары зерттеп-қараудан және емделуден жалтарған жағдайда, осы Кодекске және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мәжбүрлеу тәртібімен куәландыруға және емдеуге тартылады.